Ар ілімі. Имандылық - парызымыз


Гулнар Ниғметқызы, өзін-өзі тану тренері


Құрметті, өзін-өзі тану мұғалімдері!

 Біз курста өткен тақырыптарымыз бойынша жұмысымызды жалғастырамыз. Сіздерге үлгі ретінде өзін-өзі тану пәні бойынша сабақ жоспарының үлгісін салып отырмын! Сіздер өз сабақ жоспарларыңыз бойынша пікірлеріңізді берулеріңізге болады.


Өзiн-өзi тану сабағының жоспары

Мектеп_______________Мерзiм____________№_____Тақырып Бауырмалдық және кеңпейілділік         
Құндылық Сүйіспеншілік   Қасиеттер: шексіз мейірімділік, адал қызмет ету, адамдар үшін өз тілектерін құрбандыққа шала білу, ризашылдық
Мұғалiм_______         Класс 6 сынып                       Оқушылар саны____

Сабақ мақсаты: 1.Адамдарға  риясыз сүйіспеншілікпен қызмет етуде құрбандыққа бара білу  туралы оқушылардың түсініктерін кеңейту  
Міндеттері: 1. «Мейірімділік», «Ризашылдық» ұғымдарын ашу
2. Барлық адамдарға мейірім сыйлай білу қасиеттерін дамыту
3.Басқалардың сүйіспеншілікпен құрбандыққа баруларына ризашылдық білдіруге, адалдыққа тәрбиелеу
Сабақ барысы:
Ұйымдастыру кезеңi. Тыныштық сәтi. Көзіңізді жұмыңыз және бірнеше рет  терең тыныстаңыз; денеіңізді босатыңыз. Бірнеше секундтан соң теңіз түбіне саяхат жасаймыз.
Теңіз жағасымен келе жатқаныңызды елестетіңіз. Толқындардың жеңіл шалпылына, шағалалардың шуылына құлақ түріңіз. Жалаң аяқтарыңызбен құмды сезініңіз. Шалғайдан қара нүкте көріп тұрсыз: ол жақындаған кезде дельфин екенін түсіндіңіз. Ол сізді теңіз түбіне алып кету үшін келді. Ол өте әдепті жәндік, сізді шыдамдылықпен күтіп тұр. Жайлап оның арқасына отырыңыз, мықтап ұстап, жолға шығыңыз. Дельфиннің арқасында жайланып отырып, өзіңді қауіпсіз сезіну, су астында жүзу қандай керемет. Жан-жағыңызға қараңыз: мұнда кемпірқосақ тәрізді арлы-берлі жарқырай қалқыған әсем балықтар қаншама. Теңіз түбіне бойлаған сайын айнала қалайша өзгереді, суда тербелген қаншама ғажайып балдырлар. Қараңызшы, қандай орасан зор балықтар, ал енді анау жаққа көз тастаңыз... бұл орасан зор сегізаяқ. Су асты неткен қызықты әрі ғажап әлем. Сіз бір нәрсені байқадыңыз ба? Мұнда неткен тұңғиық, толық тыныштық. Осы тыныштық күйде болыңыз.(Мұғалім бірнеше секунд үнсіз қалады).
Ал қазір жоғарыға,  өз әлемімізге кері қайтуға дайындалыңыз. Айналаға жіті қараңыз. Ғажап түстерге тағы бір рет қараңыз және тыныштыққа құлақ түріңіз. Осындай тыныштық сізге самалдай әсер береді. Енді дельфин кері қарай жолға шықты. Сіз су бетіне шықтыңыз, жағаға жақындадыңыз. Дельфиннің арқасынан түсіңіз, оны сипалаңыз және осындай ғажап саяхатқа апарғаны үшін ризашылық білдіріңіз.
Сыныпқа оралыңыз және өз орныңызға келіңіз. Бірнеше секундтан соң көзіңізді ашыңыз, осы түйсінген тыныштықты өз бойыңызда сақтауға тырысыңыз


1.     Үй тапсырмасын тексеру (Оқулықтан Алма ағашы атты өсиет әңгімені оқып, сұрақтар бойынша талдау)
Сұрақтар:
1.     Өсиет әңгіме не жайында?
2.     Бала мен алма ағашының арасында сүйіспеншілік бар ма?
3.     Кімнің сүйіспеншілігі риясыз деп ойлайсыз?
4.     Неге?
5.     Бұл әңгімедегі жағдай қазір бар ма?
3.Дәйексөз.
 Мейірімділік, махаббат, қайырымдылық, адалдық ақ жүректен шығады
                        Шәкәрім
Сұрақтар :
Дәйексөзді қалай түсінесіз?
Ақ жүрек деген қандай жүрек?
Дәйексөзді жазып алыңыздар.

4.Әңгiмелеу
 Ал, енді балалар мен сіздерге ақ жүректі, мейірімді де адал баладан Аристотельден кейінгі екінші ұстаз дәрежесіне жеткен  Әл-Фараби туралы бір әңгіме айтып берейін. Әл-Фараби жастайынан ерекше дарынымен айналасын таңырқатады. Оның әкесі Мұхамед Тархан жауынгер адам болған, ол ұлының да жауынгер болып,  әулетін жалғастырса деп армандайды. Бірақ Әл-Фараби білім жолын таңдап, басқа қалаларға жол тартқысы келеді. Сол кездерде әкесі де ұзақ жорықтардан шаршап, қатты науқастанып қалады. Әл-Фараби ізгілікті қаланы табу туралы армандарын жүрегінің түбінде сақтап, әкесінің аурудан жазылуын қатты тілейді. Күндіз анасына ауруға ем болатын шөп жинастырып, кешкілік әкесі жатқан үйдің терезесі алдында өзі жасаған аспаптарында әдемі әуенін ойнап, әкесінің жазылуын қатты тілейді.Ол әкесінің аяғынан тік тұрып кетуін тілеп екі апта бойы күнделікті алуан түрлі әндерді орындайды. Міне ғажап, әкесі  аяғына тік тұрады. Осы оқиға орай үлкен той жасалып, барлық жұрт қуанады. Қонақтар кеткен кезде қарт жауынгер ұлын шақырып:  Ұлым! Менің аяғым жазылды. Анаң дайындаған шөптер мен сенің салған әндерің менің науқасымды жазды. Мен саған батамды беремін! Сен жауынгер болса екен дегенмін, бірақ ол үшін сен қатыгездікпен адам өлтіруге, қиратуға мәжбүр болар едің. Сенің ақ жүрегің тек жақсылық жасауға, ауруды емдеуге ғана  жаратылған. Сондықтан өз жолыңды өзің таңда! – деп Әл-Фарабиді алыс елдерге аттандырған екен.  
Сұрақтар:
1.     Әл-Фарабиді бала кезінде әкесі кім болса деп армандаған?
2.     Болашақ ғұлама қандай жолды таңдайды?
3.     Ол неге өз арманын жүрек түбіне сақтап қойды?
4.     Әкесінің науқасы қалай жазылады?
5.     Әкесінің науқасын жеңуге басты шипа болған не деп  ойлайсыздар?
6.     Әкесі неге өз шешімін өзгертеді?
7.     Әл-Фараби жауынгер бола алар ма еді?
5.Шығармашылық жұмыс, топтық жұмыс.
Тапсырма № 1
Екі топқа бөлінеміз. Қазіргі өмірден алған жағдаяттарды риясыз сүйіспеншілікпен шешіп, оны сахналаңыздар.
Бірінші жағдаят:
Асан досымен бірге демалыс күні тауға барып, биология сабағына қажетті  өсімдіктер түрлерін жинауға келісіп қойды. Өйткені олар ғылыми жобаны тез арада аяқтап, онымен байқауға қатысулары керек. Үйге келсе, анасы оған мынандай хат тастап кетіпті: Балам! Мен жедел түрде іссапарға кеттім. Алыс аудандарға. Әжең науқастанып қалды, демалыс күні жанында болуыңды сұраймын. Асан жағдаятты қалай шешеді?

Екінші жағдаят:
 Гүлшат мектепке келе жатса, мынандай оқиға болды. Бір он-он бірдегі бала аялдамада жылап тұр екен. Не болды деп сұраса, оның жолға деген ақшасы қалтасынан түсіп қалыпты. Ал жол бақылаушысы оны ақша төлемегені үшін автобустан түсіріп кетіпті. Бала мектебіне қалай бару керек екенін білмей жылауда. Өкінішке орай, Гулшатта тек өзінің жолына ғана жететін қаражат бар. Уақыты та тапшы. Ол не істейді?

Жағдаяттардың шешімін балалар өздері талдайды. Мұғалім сұрақтар қояды:
1.     Осындай жағдайда шынайы мейірімділік жасауда қандай құрбандықтарға барды?
2.     Олар үшін мақсаттары неге екінші орынға ысырылады?
3.     Риясыз сүйіспеншілік көрсеткенде бізге қандай қайтарым болады?
Тапсырма №2
Келесі өлеңді өздеріңіз толықтырыңыздар:
_______________ жұбаныш
_______________ шуақты.
_______________ қуаныш
________________сияқты.

______________ сөзіңді
_______________ бұл бақыт.
_______________ өзіңді
_______________ сол уақыт.

6.Топпен ән айту. «От улыбки» әнімен айтамыз
Барлық жанға мейірім сыйла,
Мейіріммен  алтын күн де жарқырайды.
Жүзіңде күлкің де арайлы,
Бүкіл әлем өзіңе нұр сыйлайды.

Қайырмасы:
Аспанда ақша бұлттар,
Күлімдеп бізді құптар,
Шегірткелер әнге салып шырылдайды ...
Сылдыр қаққан бұлақтан
Басталады өзен-көл
Ал мейірім басталады шын достықтан.

Мейіріммен өзгерет өмір,
Мейірімнен құс та аң да шаттанады.
Жүректе ұялап ақ сенім,
Айналамыз ерекше бір нұрланады.

Қайырмасы:
Аспанда ақша бұлттар,
Күлімдеп бізді құптар,
Шегірткелер әнге салып шырылдайды ...
Сылдыр қаққан бұлақтан
Басталады өзен-көл
Ал мейірім басталады шын достықтан.

7.Үй тапсырмасы. Оқулықтың 55 бетіндегі Жанашырлық әңгімесін оқып, өз өмірлеріңізден осыған ұқсас оқиғалардан мысал келтіріңіз.

8.Соңғы тыныштық сәтi. Балалар бүгін біз  Риясыз сүйіспеншілікке толы адам жүрегі барлық жандарға мейірім шапағатын сыйлай отырып, өз тілектерін құрбан етсе одан да күшейе түсетіне көз жеткіздік. Қазір көзімізді жұмып бойымыздағы мейірім шапағатын іштей барлық адамдарға жіберейік.
Рахмет! Осы сезімді үнемі жүрегімізде сақтай білейік.



1 комментарий:

  1. Анонимный2/19/2015

    Гулнар Нигметовна, материалды алдым, Сзге көп ракмет, мен өз сабағымда пайдаланамын.

    ОтветитьУдалить